Ұзынағаш ауылынан коронавирус анықталды деп жалған ақпарат таратқан әйел ұсталды
Ол жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Ұзынағаш ауылының екі тұрғынынан коронавирус анықталды деп жалған ақпарат таратқан әйел ұсталды. Алматы облысы тұрғынының мұғалім екені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жамбыл ауданы Үмбеталы ауылының 31 жастағы тұрғыны WhatsApp желісі арқылы Қайназар ауылы мен Ұзынағаш ауылында екі адам коронавирус жұқтырды деп аудиожазба таратқан. Бұл ақпарат мессенджерлер арқылы жылдам тарап, мыңнан астам жергілікті тұрғынды үрейлендірген.
«Барлық позициялар бойынша ақпарат расталмағандықтан, өтірік мәліметті таратушы бірден анықталып, ұсталды. Аудионы Үмбеталы ауылының 31 жастағы тұрғыны таратқаны және оның жергілікті мектептердің бірінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқаратыны белгілі болды. Енді ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Жауап алу барысында азаматша өзінің жалған ақпарат таратқанын толығымен мойындады. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 274-бабының 4-бөлігі «Төтенше жағдай кезінде керенеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.