Қызылорда тұрғынынан коронавирус карантиннен шыққаннан кейін анықталған
Ол 30 шақты адаммен байланыста болған
Бүгін Қызылорда қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы науқас тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ол Оңтүстік Корея мемлекетінен 1 наурыз күні ұшып келген. 1955 жылы туған қала тұрғыны сол уақытта талапқа сай 14 күн дәрігерлік тексеруден де өткен. Бірақ дерт белгісі кеше ғана белгі беріп отыр. Ол денсаулығына қатысты шағымы болғандықтан кеше облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
«Коронавирус анықталғанға дейін бірнеше сағат бұрын ол 30 шақты адаммен байланыста болған. Олардың барлығы талапқай сай бақылауға алынып, тексеруден өтеді. Аурудың одан әрі тарап кетпеуіне барымызды саламыз. Тұрғындардан да дүрбелеңге салынбай, санитарлық талаптарды сақтап жүруін сұраймыз. Дұрысы, талапқа көніп, үйден сыртқа көп шықпаған дұрыс. Үлкен сауда орындарында дезинфекциялық тазалық жұмыстарының жүргізілуін бақылауды күшейте түсеміз», – деді Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.