«17 адамға қызмет көрсетті»: Абай облысында дағдарыс орталығы қалай жұмыс істеп жатыр

Аягөз Құрмаш

Орталық 8 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет көрсетеді

«17 адамға қызмет көрсетті»: Абай облысында дағдарыс орталығы қалай жұмыс істеп жатыр

Семей қаласында өмірлік қиын жағдайға тап болған аналарды қолдау мақсатында дағдарыс орталығы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 23 маусымда «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында бүкіл республика бойынша әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі дағдарыс орталықтарын құруды тапсырған болатын.  

«AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының консультанты Саят Қайркановтың айтуынша, орталық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына көмек көрсетеді.

«Дағдарыс орталығының мақсаты – психологиялық және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Орталық бөлмелері жиһазбен толық жабдықталған. Жайлылық үшін теледидар мен жұмсақ жиһаз бөлмелері қарастырылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына дер кезінде уақытылы көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Орталық 25 орынға шақталған», - деді Қайрканов.

Дағдарыс орталығында 22 адам жұмыс істейді. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың тапсырмасы бойынша Семей қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты тері-венерологиялық диспансердің ғимараты дағдарыс орталығына қайтарымсыз берілген. Мекеме жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.

Орталық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарды оңалту мәселесіне ерекше назар аударады және арнаулы әлеуметтік қызметтің 8 түрін ұсынады. Олар:

  • әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер;
  • әлеуметтік-медициналық қызметтер;
  • әлеуметтік-психологиялық қызметтер;
  • әлеуметтік-педагогикалық қызметтер;
  • әлеуметтік-еңбек қызметтері;
  • әлеуметтік-мәдени қызметтер;
  • әлеуметтік-экономикалық қызметтер;
  • әлеуметтік-құқықтық қызметтер.

Қайркановтың айтуынша, биылғы 25 тамызда «Абай облысы Семей қаласының тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушілеріне арналған дағдарыс орталығы» салтанатты түрде ашылды.

«Дағдарыс орталығы жұмыс істеген күннен бастап 17 адамға қызмет көрсетті. 6 отбасына, оның ішінде 6-уы ана мен 11-і бала. Бұл – туыстарынан және олармен бірге тұратын адамдардан зорлық-зомбылық көрген адамдар. Орталықта болған кезеңде қызмет алушыларға дәрігерге дейінгі, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіледі. Психологтың бақылауымен тәлімгерлер 10 консультациялық және диагностикалық жұмыстар, 12 жеке әңгімелесу, танымдық процестерді жас нормасына сәйкес тексеруге арналған 5 диагностикалық әдістеме жүргізді, олардың нәтижелері мен талдауы ішкі ресурстарды ашуға және жұмылдыруға және осы мәселелерді шешуге көмектеседі», - дейді Саят Қайрканов.

Маманның айтуынша, бүгінгі таңда орталықтың көмегімен 2 отбасы бейімделген. Аналар жұмысқа, балалар балабақшаға орналастырылды.

«Стандартқа сәйкес әлеуметтік жұмыс мамандары құжаттарды рәсімдеуге, тіркеу есебіне қоюға, курстардан өтуге, мамандық алуға, балаларды мектепке немесе балабақшаға орналастыруға көмектеседі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында және азаматтық, отбасылық, мүліктік және заттық құқықтарға, құжаттарды қалпына келтіруге, алименттерді өндіріп алуға, келтірілген залал үшін өтемақыға, әлеуметтік қамсыздандыруға байланысты мәселелер бойынша заң көмегі мен заңгерлік кеңес береді.Қызмет алушыларға дағдарыс орталығында 6 айға дейінгі мерзімге уақытша тұру ұсынылады», - деді Саят Қайрканов.

Еске салсақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – Қазақстан Республикасының отбасылық-демографиялық саясатының күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.