«Бүгін елге оралуы керек болған»: СІМ өкілі Түркияда қаза тапқан қазақстандықтар жайлы
Отбасы мүшелері 31 тамызда Аланьяға демалуға барған
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркияда қаза тапқан қазақстандықтар жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Кеше Түркиядан суық хабар жетті. Қазақстандық туристер болған көліктің апатқа ұшырауынан бір отбасы зардап шекті. 1989 жылы туған келіншек пен оның 2 жастағы қызы қаза болды. Марқұм әйелдің 1986 жылғы оның күйеуі мен 2014 жылғы үлкен ұлы ауруханаға жеткізілді. Ер азамат жансақтау бөлімінде жатыр. Ал баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», - деді А. Смадияров.
Ол атағандай, қазір дипломаттар туыстарымен байланыста отыр.
«Барлық қажетті құқықтық көмек көрсетіледі. Отбасы мүшелері Түркияға демалуға 31 тамызда барған. Бүгін елге қайтуы керек болған. Кеше safari көлігімен экскурсияға баруға шыққан. Көлікте 15 адам болған деген мәлімет бар. Оның төртеуі – Қазақстан азаматы. Отбасында сақтандыру полюсі болған. Біздің азаматтар шетелде болғанда қауіпсіздік салаларын қатаң ұстануға шақырамыз. Болжам бойынша олар қауіпсіздік белбеуін тақпаған», - деді Смадияров.
Еске салайық, бұған дейін Түркияда ірі жол апаты салдарынан қазақстандық журналист кішкентай қызымен бірге қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.