Бұл Жолдаудың бағыты бұрынғы құжаттардан мүлде бөлек – Жанарбек Әшімжан
Депутат Жолдауда жүктелген міндеттер жүзеге аспаса Үкіметке сын екенін атап өтті
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан Президент Жолдауына қатысты пікір білдірді. Депутат Жолдауда жүктелген міндеттер жүзеге аспаса Үкіметке сын екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің біріккен отырысында дәстүрлі Жолдауын халыққа жолдады. Ашығын айту керек, дамудың жаңа сатысын нұсқаған бұл тарихи Жолдаудың бағыты бұрынғы құжаттардан мүлде бөлек. Неге? Дүние оттан көйлек киіп тұр. Ғаламдық геосаяси ахуал сәт сайын ушығып, экономикалық, саяси санкциялар қақтығысы тараптардың демін тарылтып, бүгінін ертеңге ұластыруға өткел бермеуде. БҰҰ-ның мәліметінше жұмыр жерде барар жер, басар тауы жоқ 110 млн. босқын босып жүр. Мемлекет басшысының сөзімен айтқанда, «адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды». Азық-түлік қауіпсіздігі мен экожүйе, халықаралық еңбек нарығы бүкіл әлемді алқымнан алып, қос бүйірден қысып тұр. Осындай турбулентті жағдайға қарамастан еліміз ауқымды саяси жаңғыруларды бастап кеткен. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгеріс, реформалар жасалды. Көрер көз, түйсінер түйсік, бағалар ниет болса. Бұл айтуға ғана оңай», - деді депутат.
Таяуда ғана өңірлерді аралап келген мәжілісмен аймақтарда түйіні қалың түйткілдер аз амес екенін тілге тиек етті.
«Бүгінгі Жолдауда жүйе-жүйесімен, сала-саласымен ел күткен мәселелерге қатысты кешенді шешімдер айтылды. Және жүзеге асуы тиіс міндеттердің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі. Президент «Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды. Және барлық салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды», - деп кесіп айтты. Бүгінгі Жолдаудың негізгі эконмикалық бағыты – әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік. Жолдауды мұқият оқығанымыз жөн болар еді… Енді осы бағдарлама жүзеге аспаса Үкіметке сын…», - деп түйіндеді ойын Жанарбек Әшімжан.