Депутат Жолдауда айтылған міндеттердің жүзеге асатынына сенім білдірді
Парламент Мәжілісінің 8-шақырылымының екінші сессиясы жұмысын бастады. Сессия Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан бастау алды. Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауы Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалардың тереңдетілген бағыттарына арналды. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз, депутаттар кеше ғана өлкелерді аралап келдік. Бүгінгі Жолдауда айтылған мәселелер, яғни шешімін табуға тиісті, халықтың көкейінде жүрген, жылдар бойы қиындық тудырып отырған келелі сұрақтар. Демек, жол инфрақұрылымы, су қорлары мен ирригация, көлік-логистикалық күрделілік, қарыз саясаты, ауыл, аграрлық проблемалар, зейнеткерлік жүйе, бизнес монополиясы, балалардың қауіпсіздігі және т.б. Өте мықты анализ жасалыныпты, шешу жолдары да көңілге қонымды, механизмі тәптіштелініп берілді. Ендігі жерде, жолы ашылып, нақтылап, пісіріп берген істер аяқ біткен соң, адасып кетпесе болды!», - деді депутат.
Бұл ретте Үнзила Шапақ Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан сөзін мысалға келтірді.
Мемлекет басшысы жауапкершіліктің кімге жүктелетінін дәл айтты: «Реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап береді. Сондықтан, ең алдымен, оның өзін өзгерту қажет. Осы саладағы реформаның басты бағыттары мынадай. Біріншіден, нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге жүктеледі. Өйткені олар өзінің бұйрығымен жедел шешім қабылдап отыруға тиіс. Бұл – әкімдерге де қатысты мәселе. Екіншіден, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс. Үшіншіден, Президент Әкімшілігі басты «саяси штаб» ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне барлық күш-жігерін жұмылдырады».
Сонымен қатар, депутат АЭС салу мәселесіне қатысты шешімді халықтың таңдауына беруі өте дұрыс шешім болғанына тоқталды.
«Заңгер ретінде, халықтың мүддесі, еркі құқықтық кеңістікте шешілгенін қалап тұрамын. Конституция шеңберінде халық мемлекет басқаруға референдум арқылы қатыса алуы мемлекеттегі заң үстемдігін көрсететін бірден-бір өлшем. Референдум – халық, өздері үшін, қоғам үшін маңызды, ел болашағына стратегиялық мәні бар шешімді қабылдауда кез келген азамат жеке дара ниетін, еркін тікелей білдіре алатын конституциялық құқық шығармашылық құралы. Мемлекет басшысының аталған мәселені референдум арқылы шешеміз деуі, халықпен Президенттің арасындағы СЕНІМДІ білдіреді. Осы емес пе, біздің конституциялық құқығымыздың іске асырылуы. Президент айтқандай, «...Біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету»». Сонда ғана ел Президенті - адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі бола алады», - деп жазды халық қалаулысы.