Нақты тапсырмалар беріліп, жаңа басымдықтар белгіленді – Асхат Аймағамбетов
Депутат жүктелген міндеттердің сапалы және уақытында орындалуы маңызды екенін атап айтты
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов Презиендт Жолдауына қатысты пікір білдірді. Azattyq Rýhy депутаттың Жолдаудан түйген ойын толық жариялап отыр.
Президенттің бүгінгі халыққа Жолдауымен көбісі танысқан болар. Нақты тапсырмалар беріліп, жаңа басымдықтар белгіленді.
Бұл ретте мен Президенттің бірнеше тапсырмаларына тоқталғанды жөн санап отырмын.
1. Дебюрократизация.
Мемлекеттік аппарат жұмысының тәртібі мен ережелерін өзгертпейінше, басқа шаралар мен бастамалардың бәрі де нәтиже бермейтіні анық. Өзіңіз ойланып көріңізіші, министрдің бір бұйрығын қабылдау үшін бір жылға жуық уақыт кетеді. Неге дейсіз ғой? Өйткені әртүрлі деңгейдегі 20-30 мекеменің келісімін алу керек. Ал олардың ешқайсысы өзіне жауапкершілік алмайды да. Осыдан кейін қандай тиімділік туралы айтамыз? Жедел шешім қабылдау жайына қалады. Сондықтан да қабылданған Жарлықта және осы Жолдауда да бұл бағытта тиісті тапсырмалар берілді.
2. Министрлер мен басқа да басшылардың жеке жауапкершілігін белгілеу бойынша.
Шын мәнінде, бұл Үкімет деңгейінен министрлер, әкімдер деңгейіне және басқа деңгейлерге құзыретті беру реформасының жалғасы. Мәселен, салалық мәселелер Үкімет қаулысы деңгейіне көтерілмей, министрлердің өз бұйрықтарымен шешілуі керек. Осы өзгерісті енгізудің арқасында кейбір құзыреттерді үйлестіру және шешім қабылдау жылдам жүретін болады. Сонымен қатар әр жеке тұлғаның нақты жауапкершілігі бекітіледі.
3. Мемлекеттік сатып алу мәселелері. Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысы нақты бағыттарды айқындады. Қазіргі мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімді емес екендігімен бәрі де келіседі. Тұрғын үйлер, жол құрылысының сапасыздығы, пайдаланылмай жатқан қаражат, үздіксіз сот процестері, ұзақ рәсімдер, осының барлығы мектептердің, ауруханалардың және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандардың уақытылы жөндеуге үлгермеуіне әкеліп соғады. Бұл тендермен байланысты проблемалардың толық тізімі емес. Жаңа заң жобасы аясында Жолдау тапсырмаларын жүзеге асыруда біз бұл кемшіліктер жойылады деп ойлаймын.
Айтқандай, аталған олқылықтарды жою үшін сонау маусым айында біз аранайы заң жобасын дайындап, Үкіметке пысықтауға жолдап едік, алайда олардың тарапынан қолдау болмады. Енді Президенттің тапсырмасынан кейін бұл жұмыс нәтижелі болады деп сенемін.
4. AI-жасанды интеллектіні дамыту, соның ішінде деректер орталықтарын құру, оқыту және басқа да шаралар шынымен өзекті. Қазақстан – IT-елге айналуы тиіс.
5. Балалардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, Yandex Taxi, Wolt және басқа да цифрлық платформаларды пайдалану арқылы жұмысқа орналасқан жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, 55 жастан асқан және қауіпті өндірісте жұмыс істейтін адамдарға арнаулы әлеуметтік жеңілдіктер енгізу мәселелері де аса маңызды. Мемлекет басшысының өзге де әлеуметтік бастамалары бойынша біздің Комитеттің депутаттары тиісті жұмыстарды жүргізетін болады.
6. Барлық өңірлердегі азаматтармен кездесулерде бірдей дерлік мәселелер көтерілді. Бұл шарықтаған инфляция, сапасыз ауыз су, газ жетіспеушілігі, жайсыз жолдар. Жолдауда осы жүйелі мәселелердің шешімі де көрініс тапты.
Тоқ етері. Міндеттер қойылды. Қазір олардың сапалы және уақытылы орындалуын қамтамасыз ету маңызды.