Дүние оттан шапан киіп тұрған сәтте қорғаныс саласына мән бермесек болмайды – Аманжол Әлтай
Депутат Жолдаудағы өзекті мәселелерге қатысты пікір білдірді
Мемлекет басшысының бүгінгі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан Халқына Жолдауында - еліміздің экономикалық дамуындағы көптеген маңызды мәселелерді қозғады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аманжол Әлтай өз жазбасында Жолдаудағы аса маңызды деген бастамаларды тізбектеп шықты.
«Ұрпақ бақыты – ұлт болашағы! Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық - зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Жергілікті биліктің мүмкіндігін кеңейту өңірлердің дамуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Бұл тұрғыда аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беруді ұсынды. Мемлекет үшін тағдыршешті маңызды шешімнің иесі – Халық! Атом электр станциясын салу немесе салмау жалпыұлттық референдум арқылы шешілу керектігін кесіп айтты», - деді депутат.
Одан әрі мәжілісмен су мәселесінің халық арасында аса өзекті екенін айта келе, жаңа министрліктің құрылуы оң шешім болғанын атап өтті.
«Су – тіршілік көзі! Алдағы уақытта әлем ауқымында су мәселесінің проблемалары ұлғая түспек. Осы тұрғыда Президенттің Су ресурстары және ирригация министрлігін құру жөніндегі шешімінің маңызы зор. Депутат ретінде халықпен кездесу барысында ең көп қозғалған сұрақтар – су мәселесі», - деді ол.
Сонымен бірге, депутат отандық өнімдерді қолдау мен туризмді дамытудың маңыздылығына тоқталды.
«Президент өңдеуші секторға мән беру керектігін және ішкі нарықты қорғауды тапсырды. Баға саясатының тұрақтануы үшін отандық өнімдерді терең өңдеу аса маңызды. Ал, ішкі нарықты қорғау отандық кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Бұл ұстаным – шетелдік инвесторларды кеудеден итеру емес. Дамыған елдерде туризм экономиканың ең пайдалы саласына айналып отыр. Бүгінгі жолдауда Президент бұл мәселеге де арнайы тоқталып өтті. Ретін біліп дұрыс үйлестіре білсек бізде де ішкі және сыртқы туризмді дамытуға мүмкіндік мол», - деді Аманжол Әлтай.
Халық қалаулысы бүгінгідей алмағайып заманда қорғанысты күшейтудің аса маңызды екенін де тілге тиек етті.
«Әлемдік геосаяси ахуал ушығып, дүние оттан шапан киіп ушығып тұрған сәтте қорғаныс саласына мән бермесек болмайды. Сондықтан да әскеріміз жоғарғы технологиялық қарумен қамтамасыз етілуі керектігі жолдауда Президент назарынан тыс қалған жоқ. Монополистердің жауапкершілігін артыру қажет. Бұл жөнінде де Мемлекет басшысы нақты ұстанымын жеткізді. Алпауыт компаниялар - Отан алдындағы, жұмысшылар алдындағы міндеттеріне салғырт қарамауы тиіс. Президенттің Үкімет пен Парламент алдына қойған маңызды міндеттер нәтижелі орындалуға жазсын!», - деп түйіндеді пікірін Аманжол Әлтай.