Ауылды дамыту, қорғаныс саласын күшейту: Ринат Зайытов Жолдауға қатысты пікір білдірді
Мемлекеттің қарқынды дамуына септігін тигізетін бірнеше жаңа бағыттар анықталды
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Ринат Зайытов Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауына қатысты пікірін білдіріп, аса өзекті деген мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Республикасы Президентінің бүгінгі Жолдауы көкейде жүрген көптеген сұраққа жауап берді. Мемлекеттің қарқынды дамуына септігін тигізетін бірнеше жаңа бағыттар анықталды. Депутат қана емес, қатардағы азамат ретінде де жолдаудан жақсы бастамалар көрдім», - деді депутат.
Ринат Зайытов Жолдаудағы маңызды деген үш мәселені тілге тиек етті.
«Ең бірінші – АЭС салу мәселесін халықтық референдумда қарау. Өте оңды шешім. Енді халық өзі таңдасын! Демократиялық қоғамды осылай ғана қалыптастыра аламыз. Екінші – қорғаныс саласын күшейту. Бұл да өте қажетті қадам. Айналамыз аласапыран болып жатқан кезеңде алдыңғы орында мемлекеттің қауіпсіздігі тұру керек. Ол үшін біздің қарулы күштер жаңа техникамен, соңғы үлгідегі қару-жарақпен қамтамасыз етілуі керек. Үшінші – ауылды дамыту. Президент өз Жолдауында ауыл халқына шаруышылығын дамытуға барынша жағдай жасауды тапсырды. Аймақтар үшін бұл жақсы жаңалық», - деді Ринат Зайытов.
Сонымен қатар, депутат Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру үшін жұдырық боп жұмылудың маңызды екенін атап өтті.
«Әрине, Жолдауда қамтылған барлық мәселелерді бір постпен талқылау мүмкін емес. Алдағы уақытта оны түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүре жатар. Менің айтқым келгені, ендігі кезек Үкімет пен Парламентте. Мемлекеттің дамуы Президенттің Жолдауындағы сөз бен орындаушылардың ісіне жалғасса ғана қарқындайтынын естен шығармайық. Жасыратыны жоқ, Президенттің көп тапсырмасы тиісті деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Сондықтан біз қоғам болып жұмылып, тапсырмалардың орындалуына атсалысуымыз керек. Сонда ғана аталған мақсаттарға қол жеткіземіз!», - деп жазды депутат желідегі парақшасында.