Бұл Жолдаудың ауқымы кең, мазмұны бөлек – Анас Баққожаев

Автор: Azattyq Rýhy

Депутаттың пікірінше, Жолдаудың арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді

Фото ашық дереккөзден

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққаожаев Президент Жолдауында көтерілген мәселелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың пікірінше, бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді. Ауқымы кең, мазмұны да бөлек.

«Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз, «Жаңа Қазақстанды» құрып жатырмыз. Елімізде билік институттары жүйесінің тепе-теңдігін қалыптастыратын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Бұл елдегі саяси үдеріске азаматтардың қатысуына жол ашты. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырды. Ауқымды жаңғырту жұмысын жүргізуге мүмкіндік туды. Соның арқасында қазір айтарлықтай нәтижеге қол жеткізудеміз. Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз», - деп жазды депутат.

Сонымен қатар, Анас Баққожаев көптің көкейінде жүрген талай мәселенің осы Жолдаудағы нақты тапсырмалардан кейін шешімін табатынына сенім білдірді.

«Биыл жазда мен Алматы, Жетісу, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облысы мен Аматы, Астана қаласында сайлаушыларыммен, халықпен кездестім. Тілек, өтініштерін, ұсыныстарын тыңдап, оларды жүйелеп жинадым. Көптен бері шешімін таппай қордаланған мәселе баршылық. Олардың бастысы жер, су, жайылым, жол, жарық, газдандыру болып отыр. Президенттің бүгінгі «Дамудың жаңа экономикалық моделіне көшу» атты жолдауы жоғарыда аталған мәселелерді шешу жолын айқын нұсқады. Енді мен жолдауда айтылғандармен жарақтанып, халық мәселесін биік мінберлерден көтеруге, шешімін табуға бел шеше кірісетін боламын», - деп жазды Мәжіліс депутаты.