Самат Нұртаза: Президент Жолдауынан 3 маңызды мәселені түртіп алдым
АЭС салу мәселесі бойынша Президенттің таңдауды қоғамға беруі маңызды шешім болды
Президенттің биылғы халыққа арнаған Жолдауында аса өзекті мәселелер көтерілді. Бұл пікірмен Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Самат Нұртаза да келіседі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат, биылғы Жолдаудан өзі үшін 3 басты мәселені түртіп алғанын айтады.
Бірінші, кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату.
«Менің ойымша, президент болашақ ұрпақ үшін уайымдай отыра, көбейіп кеткен зорлық-зомбылықтың алдын алғысы келді. Өте дұрыс шешім. Өкінішке қарай, бізде кейбір салғырттықтың нәтижесінде, қылмыскерлер босап та жатыр. Педофилдердің ылаңын ойласаң, шашың тік тұрады. Қатты айтсаң – демократтар шулайды, жұмсартсаң – ұрпақтың ертеңі үшін уайымдайсың. Сондықтан осы мәселені бір жақты қылғаны дұрыс», - дейді депутат.
Екінші мәселе – құқықтық органдар кіші және орта бизнесті мазаламау керек.
«Менің ойымша бұл миллиондаған қазақтың батасын алған сөз. Базардағы кішкентай бутиктан бастап, кафенің иесіне дейін, қазір Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс пен рахмет жаудырып жатыр. Бопсаламай, қорқытпай, шұқыламай кіші және орта бизнеске тиіспесе, адамдар өз ісін өздері домалата береді. Сондықтан, президентіміздің осындай пәрменін қуана қарсы алдым», - деп жазды Самат Нұртаза.
Үшінші өзекті мәселе – АЭС салу.
«Бұл тақырып халықты екі топқа бөлгіндіктен, президент таңдауды қоғамға берді. «Мә, таңда!», «Өзің көр!», «Сезін!» деді Президент. Дұрыс. Халық өз таңдауының нәтижесін көру керек. Халық жауапкершілік дегенді мойынына алып, билікпен бірге Елдің қамын ойлауға ат салысу керек. Қарсылар жеңсе – АЭС-сіз өмір сүреміз. Жақтастар жеңсе – АЭС-пен өмір сүреміз. Бітті», - деді халық қалаулысы.