Қазақстанда орыс тілінің қолданылу аясы тарылғаны жайлы айтқан Ресейдің консулы қызметінен кетті - СІМ
Ол 26 тамызда қызметінен кеткен
Сыртқы істер министрлігігің ресми өкілі Айбек Смадияров дәстүрлі брифингте РФ консулы Евгений Бобровтың мәлімдемесі жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ол кісі толық ақпаратты білмеген шығар. Алматыда жұмыс істегеннен кейін сол жақтың ақпаратымен шектелген болар. Бірақ ол қызметкер 26 тамыздан бастап консул емес. Ресейге кетіп қалды», - деді Айбек Смадияров.
Ол Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйене отырып, еліміздегі мемлекеттік және орыс тілінде білім беретін мектептер санына тоқталып өтті.
«Қазіргі таңда 7711 мемлекеттік мектептің 3957-сі тек қазақ тілінде, 1203-і орыс тілінде, 2551 мектеп қазақ және орыс тілінде білім береді. Бұл өте үлкен сан. Ішкі мәселені айтып, консулдардың мәлімдеме жасауы дұрыс емес», - деді ресми өкіл.
Еске салсақ, Ресейдің Алматыдағы Бас консулы Евгений Бобров ТАСС ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанда орыс тілінің қолданылу аясы тарылғанын айтқан еді.
Авторы: Аягөз Құрмаш