Қызылорда облысында «Қоңыр әңгіме» рухани кеші өтті
Кезекті рухани кештің қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов болды
Қызылорда облысында «Қоңыр әңгіме» рухани кеші өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазақта ілгеріден бері қоңыр әңгіме деген тағылымға толы ерекше дәстүр болған. Қызылорда облысында осындай рухани кеш қолға алынды.
Қазақтың сөзіндегі қоңырлық – тыңдаған адам тағылым аларлық көрінісі. Мұндай үрдісті Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасы жандандырды. Кезекті рухани кештің қонағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматов болды. Ал, «Қоңыр әңгіме» кешінің тұрақты модераторы айтыскер ақын Мұхтар Ниязов.
«Алтынның қымбаты – аздығында» демекші, қара сөзді биік санаған халық «Достық» үйінде бас қосты. Жүз жырау шыққан мекеннің перзенті Алмас Алматов қоңыр әңгімені тыңдауға келген халықты рухани тоқ қылды. «Қазына» атты дастанын дүйім жұртқа әңгімелеп, әзіл аралас мағыналы кешті өрбітті. Бұған қоса, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Сыпатаев қатысып, кез келген ер-азаматтың қолынан келе бермейтін өнерін паш етті.
Сондай-ақ, сырбойылық саңлақтар да қоңыр әңгімемен бірге, қоңыр үнмен әнді әуелетіп, сахнада өнер көрсетті.