«Диплом бар, жұмыс жоқ»: Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға арнайы квота бөлінбек
Жұмысқа орналаса алмай жүргендерің арасында зағиптар да бар
Жоғары білімі болса да, мүмкіндігі шектеулі мамандардың жұмысқа орналасуы қиын. Наурызбай ауданының тұрғындары қала әкімі Ерболат Досаевқа осылай деп шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Олардың айтуынша, мемлекеттен мүгедек жастарды оқытуға арнайы квота бөлінеді. Кейін олар бәрібір жұмысқа тұра алмайды.
«Бізде жылына 15-16 студент медколледжді бітіреді. Өздеріңіз арнайы грант бөліп, оқытып жатырсыздар. Дипломдарымызды, арнайы сертификаттарымызды алдық. Бірақ қолымызда ЖОО-ның дипломы болса да, ешкім бізді жұмысқа алмайды. Өтініш, осы назарға алынса», - деді мүгедек жандар.
Жұмысқа орналаса алмай жүргендерің арасында зағиптар да бар. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың бұл мәселенің жуырда шешімін табатынын жеткізді. Оның сөзінше, бұрын жеке колледждер әкімдіктің мүмкіндігі шектеулі жандарға бөлген арнайы гранттарын да алмай келген.
«Біздің квотамен балаларды оқуға да алмаған болатын. Бұл мәселемен маған хаттар да келіп түскен. Мен Денсаулық сақтау басқармасына тапсырма берейін әрі, арнайы квота да бөлейін. Әр емхананың ішінде өзінің квотасы болады. Биыл және бұрын бітірген мамандардың құжаттары бір апта ішінде жинастырылып, олардың бағалары, сертификаттары дұрыс болса, бір ай ішінде денсаулық сақтау мекемелеріндегі бос орындарға орналастыру қарастырылсын. Жыл сайын бітірген мамандар санына қарай квота бөлінетін болады», - деді Ерболат Досаев.