Қазақстандық 103 сарбаз Қытайға аттанды
Олар Ухань қаласында өтетін Бүкіләлемдік әскери ойындарға қатысады
Қазақстанның 103 сарбазы Қытай Халық Республикасына аттанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Олар Ухань қаласында өтетін Бүкіләлемдік әскери ойындарға қатысады. Төрт жылда бір рет олимпиада талаптарына сәйкес өткізілетін жарыста биыл 132 мемлекеттен 8 мыңнан аса әскери спортшы күш сынаспақ.
VII Бүкіләлемдік әскери ойындар спорттың 27 түрі бойынша өтеді. Спортшыларымыз еркін және грек-рим күресі, спорттық бағдарлау, дзюдо, жүзу, оқ ату, бессайыс, таэквондо, жеңіл атлетика, бокс сынды спорттың барлығы 11 түрінен ел намысын қорғамақ. «Conseil International du Sport Militaire» қазіргі таңда Олимпиададан кейінгі ең беделді спорттық сайыс болып саналады.
«Команда қазақ елінің ғана емес, қарулы күштер, қорғаныс саласындағы жігіттердің қаншалықты қауқарлы екенін әлем алдында көрсетпек. Құрама команданың арасында бұған дейінгі әскери ойындар мен Олимпиада, әлем чемпионатында жүлдегер атанған жеңімпаздар бар. Тәжірибелі мамандардың баруы біздің осы шарада лайықты өнер көрсетуімізге мүмкіндік береді. Төрт жылда бір рет болатын жарыс көптеген қатысушылар үшін алғашқы және соңғы мүмкіндік болмақ», - деді ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының басшысы Айталап Кұрғамбаев.
Жарыс Ухань қаласындағы жалпы көлемі 365 шаршы шақырым болатын Олимпиада қалашығында өтеді. Қытайдың 35 спорт нысанында 12,5 мың ерікті әскерилерге көмектеспек. Қазанның 18-28 аралығында өтетін айтулы бәсекеде Қазақстан құрама командасының туын 2015 жылы Азия ойындарында жеңімпаз болған кіші сержант Әділет Давлумбаев ұстап шығады.
2015 жылы Оңтүстік Кореяның Мунген қаласында өткен VI Бүкіләлемдік әскери ойындарда Қазақстан құрамасы спортың 8 түріне 58 адаммен қатысқан еді. Нәтижесінде 4 алтын, 3 күміс және 5 қола медальмен жалпы есепте 12 орынға тұрақтаған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы