«Мәжілістен Президентке дейін»: Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру туралы заң жобасы
5 шілдеде Президент заң жобасына қол қойды
«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының жол картасы аясында бірқатар заң жобалары қабылданды, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Олардың бірі - «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы.
Аталған заңның жобасын Парламент Мәжілісі 2022 жылғы 13 сәуірде бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Заң жобасы радиациялық және экологиялық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету, бұрынғы ядролық полигонның жерлерін пайдалану және оның аумағын оңалту мәселелерінде мемлекеттік бақылауды күшейту мақсатында Семей ядролық қауіпсіздік аймағы жерлерін құруды көздейді.
«Депутаттар заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында кешенді экологиялық зерттеп-қарауды жүргізу кезінде радиоэкологиялық жағдайға сапалы әрі дәйекті талдауды қамтамасыз ету қауіпсіздігі қағидатын қамтитын Семей ядролық қауіпсіздік аймағы қызметін заңнамалық реттеу қағидаттарын белгілеуге бағытталған түзетулерді енгізді. Екіншіден, мемлекеттік органдардың Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және оның жұмыс істеуі саласындағы құзыреті нақтыланды. Үшіншіден, уәкілетті органның Семей ядролық қауіпсіздік аймағының паспортын тіркеуге арналған құзыретін нақтылауға, ядролық қаруды сынау жүргізілген жер учаскелеріне кешенді экологиялық зерттеп-қарау жүргізу әдістемесін әзірлеу мен бекітуге арналған түзету қамтылды», - деген еді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Депутаттар ілеспе заң жобасымен жұмыс барысында:
- запастағы жерлерді ядролық қауіпсіздік аймағының жерлеріне ауыстыру тәртібін нақтылауға;
- ядролық қауіпсіздік аймағы жерлерінде жер пайдалану құқығына қатысты мәмілелер жасасуға тыйым салуды белгілеуге бағытталған түзетулерді енгізді.
«Заң жобасын қарау барысында салық, жер және экологиялық заңнамаға сәйкес арнайы құқықтық режимді белгілеу мақсатымен депутаттар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) тиісті түзетулер енгізді. Жұмыс тобының отырыстарында талқылау барысында заң жобасы нормаларының бір бөлігі нақтыланып, редакциялық тұрғыдан жақсартылды, заң жобасының мәтіні заң техникасының қағидалары мен норма шығармашылық практикасына сәйкес келтірілді», - деді депутат.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын кейін Сенат та мақұлдады. Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметіне қарағанда, құжаттағы нормалар бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны мен оған іргелес жатқан жерлердің аумағындағы радиациялық және экологиялық қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етеді.
«Заңды іске асыру 2027 жылға дейін республикалық бюджеттен 3 млрд 596 млн теңге сомасында қосымша қаржы шығындарын талап етеді. Шығындар республикалық бюджет комиссиясында қолдау тапты», - делінген Сенат комитетінінің мәліметінде.
Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жерді пайдалану мәселелерінде мемлекеттік бақылауды күшейтеді, аумақты оңалтуды, радиоэкологиялық мониторингті ұйымдастыруды және елдің ғылыми әлеуетін дамытуды қамтамасыз етеді.
Уәкілетті ұйым – ҚР Энергетика министрлігінің Ұлттық ядролық орталығына функцияларды заңнамалық тұрғыда беру аса маңызды болып отыр.
«Заңды қабылдаудағы маңыздылығына тоқталсақ, оны жүзеге асыру нәтижесінде ядролық сынақ полигонының радиоактивті ластанған аумақтары мен ластанбаған жерлері ажыратылады. Ластанбаған алқапты ауыл шаруашылығына арналған жерлердің санатына енгізуге болады. Бұл тұрғыда 1 млн гектар жер ескерілген», - деген еді сенатор Ольга Булавкина.
2023 жылдың 5 шілдесінде Президент «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заңға қол қойды. Мемлекет басшысы «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» және ««Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы, экология және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.
Заң нормаларына сәйкес бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонында Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жоспарланып отыр.
Бұл аумақ ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағындағы жерлерді шаруашылық айналымға біртіндеп қайтару үшін оңалту мақсатында құрылады. Арнаулы аймақты кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша анықталған ластанған учаскелерде құру жоспарланған.
«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заңда мына мәселелер қарастырылған:
- Бұрынғы Семей сынақ полигоны жерлерінде және нормативтен тыс радиоактивті ластануға ұшыраған іргелес аумақтарда «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы» арнаулы аймағын құру;
- Радиоактивті ластанудың таралуын шектеу;
- Полигон аумағындағы радиоактивті қалдықтарды жинау, орналастыру және кәдеге жарату арқылы Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағын оңалту;
- Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы радиоактивті ластану деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізу.