Абай күні: «Жастар Рухы» ақын есімін ұлықтады
Іс-шара барысында ақындар өлең оқып, орындаушылар Абай әндерін шырқады
10 тамыз – Абай күні қарсаңында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Астана қаласындағы «Қаламгерлер» аллеясында ақын есімін ұлықтау мақсатында ауқымды іс-шара өткізді. Басқосуға абайтанушы ғалымдар, жас ақын-жазушылар және қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев ақын рухын ардақтауға арналған іс-шара елордада бастау алып, еліміздің барлық аймағында әр түрлі форматта жалғасын тауып жатқанын атап өтті.
«Алаштың ардақты ақыны Абай Құнанбайұлының туған күнін рухтастар болып ұлықтап, айрықша форматта өткізуді жөн көрдік. Елордада жас ақын-жазушылармен лирикалық кездесу өткізсек, еліміздің өзге өңірлерінде қызықты квест пен викторина ұйымдастырылуда. Өскелең ұрпақ ақынның өлеңдерін оқып, әндерін шырқап жатыр. Осы орайда, жастар қанаты игі бастамаға ұйытқы болып, еліміздің 12 аймағында жұмыс істеп тұрған «Сөйле» атты үйірмемізде қыркүйектен бастап аптасына бір рет Абайтану сабағын өткізу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ, осы қыркйекте өтетін лагеріміздің алғашқы сессия да Абай Құнанбайұлына арналмақ. Осылайша, ақынның қара өлеңі мен қара сөздерін насихаттап, асыл мұрасын жан-жақты дәріптей береміз», – деді Нұржан Жетпісбаев.
Кездесуде ақын, абайтанушы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Алмахан Мұхаметқалиқызы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мирас Асан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Жәнібек Әлиман, ақын, ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Батырхан Сәрсенхан сөз сөйледі.
«Абай мұрасын дәріптеуге бағытталған осындай іс-шаралар мейлінше көбірек өтуі керек деп ойлаймын. Абай күні тек бір күн ғана аталып өтетін мереке емес. Ақын мұрасын, оның өнегелі өмір жолын, елге сіңірген еңбегін өскелең ұрпаққа үнемі жеткізіп отыруымыз керек», – деді Алмахан Мұхаметқалиқызы.
Сонымен қатар, іс-шара барысында ақындар өлең оқыды, орындаушылар Абай әндерін шырқады. Ал, «Алтын домбыра» өнер орталығының шәкірттері күмбірлетіп күй шалқытты.