Медициналық ұйымдар үшін дәрі-дәрмек бағасы қымбаттауы мүмкін

Azattyq Rýhy

Үстемеақы мөлшері бойынша құжаттар ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жолданды

Медициналық ұйымдар үшін дәрі-дәрмек бағасы қымбаттауы мүмкін
Фото: ашық дереккөзден

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС жүйесі шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға арнайы құқық субъектісі ретінде Бірыңғай дистрибьютордың үстеме бағалау жобасын талқылау бойынша Жария тыңдау өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «СҚ-Фармация» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талқылауға ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлерінің қауымдастығы» РҚБ, ҚР ДСМ Қоғамдық кеңесі, «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы, «Фармацевтикалық және медициналық өнімдерді өндірушілер қауымдастығы Қазақстанның ФармМедИндустриясы» ЗТБ, «Медицинадағы қоғамдық оқыту және тәуелсіз сараптама одағы» ҚБ мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Қарастырылып отырған үстеме баға жобасы 2022 жылдың қорытындысы бойынша нақты шығындарға негізделеді. Ең үлкен шығындар логистикалық қызметтерге келеді – бұл дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды тасымалдау, сақтау және тиеу-түсіру жұмыстары, олар Бірыңғай дистрибьютордың дәрі-дәрмектерді сатумен байланысты шығындарының 45%-ын алады» - делінген хабарламада.

Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар аудандардың алшақтығына немесе жыл бойы қандай да болмасын жағдайларға қарамастан жеткізіледі. Медициналық мекемелердің көбі алыс, қолжетімсіз жерлерде орналасқан. Дегенмен, шалғай ауылдарға және қолайсыз ауа-райында да дәрі-дәрмектер қатаң түрде кестеге сәйкес жеткізіледі.

«Сонымен қатар, елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі іркілістерді алдын алу мақсатында Бірыңғай дистрибьютордың өз қаражаты есебінен дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың азайтылмайтын қорын қалыптастыру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде – дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етуге, дұрыс емес жоспарлау тәуекелдерін митигациялауға, төтенше жағдайлар туындаған кезде дәрімен қамтамасыз ету қажеттіліктеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Үстеме бағаны арттырудың тағы бір факторы – экономикалық тиімділіктің көрсеткіші ретінде қызмет ететін бірыңғай тарату жүйесінің рентабельділігі», - делінген хабарламада.

Жария тыңдау қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұйрығының жобасымен үстемеақы мөлшері бойынша құжаттар ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жолданды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.