Жүк пойызымен Қызылорданы айналып шықпақ болған 2 турист ұсталды
Олардың әрқайсысына 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды
Жүк пойызымен Қызылорданы айналып шықпақ болған Нидерландыдан келген 24 жастағы жігіт пен Германиядан келген 25 жастағы бойжеткен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Вагондардың бірінде бейтаныс адамдар жүргені жөнінде хабарлама Шиелі стансасындағы желілік полиция бөліміне «Әскерилендірілген темір жол күзеті» ЖШС қызметкерлерінен келіп түскен.
Тексеру кезінде көлік полицейлері Батыс Еуропадан келген екі туристті анықтады, олар жүк пойызына «қызық көріп, көңіл көтеру үшін мінгенін» айтқан.
«Құқық бұзушылардың үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабының 1-бөлігі (Жүк пойыздарында заңсыз жүру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Көлік полициясының қызметкерлері баспалдақпен, вагондардың шатырымен және басқа да адамның жүруіне қолайсыз жерлерден жүрудің ақыры қайғылы салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін еске салады.