«Қарызсыз қоғам»: Алматы облысында 3500-ден астам тұрғын қаржылық сауатын арттыру бойынша оқу бағдарламасынан өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл соңына дейін облыста 10 мыңнан астам азаматты оқыту жоспарланған

«AMANAT» партиясы мен «Halyk bank» бірлесіп қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Қаражатты тиімді басқаруды, кіріс-шығысты оңтайландыруды игергісі келген Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары қаржылық сауатын арттыру бойынша оқу бағдарламасынан өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған жоба аясында Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген, Талғар аудандарында 3 500 адам білім алды. Жыл соңына дейін облыста 10 мыңнан астам азаматты оқыту жоспарланған.

«Тұрғындар қаражатты тиімді жұмсауды үйреніп жатыр. Осы мақсатта қатысушыларға түрлі дәріс өтіп, үй тапсырмасын береміз. Сондай-ақ, өз кәсібін бастағысы келетіндерге, табыс табудың түрлі жолдарын көрсететін пайдалы мәліметтермен бөлісеміз. Сарапшылар кіріс-шығысты есептей білуді, қаржыны ұтымды жоспарлауды үйретеді», – деді Алматы облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Зәмзәгүл Сламбекова.

Оның айтуынша, қаржылық сауатты арттыру курсына орта жастағы азаматтардан бөлек ақжаулықты аналар мен қарттар да қатысуда. Мәселен, жоба қатысушыларының бірі 22 жастағы баласының соңғы екі жылда құмар ойынға тәуелді болып, онлайн микроқаржылық ұйымдардан 6 несие рәсімдегенін айтты. Ұлының тұрақты табысы болмағандықтан несие уақтылы төленбей, коллекторлық компаниялар ата-анасына қысым көрсете бастаған.

«Ұлының берешегін екі зейнеткер өз мойнына алып, зейнетақысынан төлеп келген. Оның шоты бұғатталып, несие тарихы бұзылғанына байланысты ешқандай кәсіппен айналысуға мүмкіндігі жоқ. Тіпті жұмысқа тұра алмайды. Осы мәселе қариялардың денсаулығына кері әсер етіп, жиі ауыратын болдық деп шағымданады», – дейді ментор.

Зәмзәгүл Сламбекова оқу бағдарламасы аяқталғаннан кейін несие төлемдері мен құжаттарын талдау нәтижесінде зейнеткердің баласы 4 несиесін толық жабуға мүмкіндік алғанын атап өтті. Сонымен қатар, зейнеткердің ұлының шоты бұғаттан шығарылып, екі несиесі бойынша төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, азамат тамыз айында жұмысқа шығатынын жеткізген.

Айта кету керек, оқуға қатысқан тұрғындардың 95%-ы банктер мен микроқаржы ұйымдарына берешегі бар. Олардың бірнеше несие өтеп жатқаны, тіпті 12 несиесі бар отбасы белгілі болды.