Филиппинде қайық аударылып, 26 адам суға батып кетті
Құтқарушылар 40 адамды судан алып шыққан
Филиппин астанасы Манила маңындағы көлде қайық аударылып, 26 адам қаза тапты, сондай-ақ 6 адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
AFP агенттігінің хабарлауынша, Филиппин жағалауы күзетінің өкілі Армандо Балило іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатқанын айты.
«Қатты желден шошып кеткен жолаушылардан үрейге беріліп, борттың бір жағына жиналып қалған. Сол кезде тепе-теңдік бұзылып, қайық сол жағына қарай аударылып кеткен», - делінген хабарламада.
Қайықта нақты қанша жолаушы болғаны белгісіз. Құтқарушылар 40 адамды судан алып шыққан. Қазіргі кезде іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр.
Филиппин елінде «Доксури» деп аталатын тропикалық дауыл жиі соғады. Апат болған күні дауыл салдары Филиппин архипелагының ең үлкен аралы Лусонға дейін жетіп, ондағы электр желілері зақымданған, ал қатты жаңбыр су тасқыны мен лай көшкінін туғызған. Желдің екпіні 175 км/сағ жетті.
Филиппин билігі мыңдаған адамды жағалаудағы елдімекендерден эвакуациялауға мәжбүр болды.