Павлодар облысында ресейлік бидайды заңсыз тасымалдау әрекеті әшкереленді
Күдікті жалған шот-фактуралармен 1 млрд теңгеден астам сомаға бидай экспорттаған
Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті ресейлік бидайды қазақстандық өнім ретінде экспорттау үшін жалған келісімшарттар бойынша заңсыз әкелу схемасын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Анықталған азамат 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне (Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан) қазақстандық өнім деп жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға экспорттаған. Осылайша, жалпы сомасы 460 млн теңгені құрайтын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған», - делінген ҚМА хабарламасында.
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу аяқталды. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.
Бүгінде ведомство тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүддесін қорғау мақсатында бидай өткізуге байланысты жалған шот-фактураларды заңсыз беру фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
«Тек соңғы бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактураларды бергені үшін 5 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.