Арнайы сарапшылар тобы мәйіттерді зерттеуге кірісті
Кенияда ораза ұстаудың экстремалды түрін ұстанған «Халықаралық «Жақсы жаңалықтар» шіркеуінің» қайтыс болған мүшелерінің саны 403-ке жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кенияның Nation басылымының жазуынша, бұл туралы Кифили округінің басшысы Рода Онянча мәлімдеді.
«Соңғы күндері қабірлерден 12 мәйіт эксгумацияланды», - деді ол.
Айта кетсек, шамамен 20 жыл бұрын осы сектаның негізін қалаған пастор Пол Маккензидің Кенияның шығысында орналасқан Шакахол орманындағы үйінде қабір қазу жұмыстары жүріп жатыр. Полиция 14 сәуірде Маккензиге қарасты орман шаруашылығындағы үйден алғашқы мәйіттерді тапқан болатын. Бір уақытта табылған көптеген бейіт 323 гектар жер телімінде орналасқан.
Арнайы сарапшылар тобы 1 мамырда эксгумацияланған мәйіттерді зерттеуге кірісті. Сарапшылар олардың көпшілігінің аштан өлгені туралы мәліметтер алды.