$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

30 млн теңге шығынға батырған: Атырауда туристік фирманың директоры 5 жылға сотталды

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

30 млн теңге шығынға батырған: Атырауда туристік фирманың директоры 5 жылға сотталды
Фото ашық дереккөзден

Атыраулықтарды 30 млн теңге шығынға батырған туристік фирманың директоры 5 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атырау қаласының №2 сотының ақпаратына сәйкес, туристік фирма директоры Н.М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 3-бөлігінің 4) тармағы бойынша бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегімен қылмыстық іс қозғалған.

«Сотталушы Н.М. «I» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы және директоры бола отырып, туристік қызметтер кешенін көрсеткені үшін жәбірленушілермен шарттар жасасқан. Клиенттерден бастапқы 30% және түпкілікті 100% төлем қабылдап, жәбірленушілерді алдау және сенімдерін теріс пайдалану жолымен, туристік жолдамаларды сатып алу үшін туристік операторларға жәбірленушілердің ақшасын аудармай, олардың қаражатын жеке қажеттілігіне жұмсаған. Нәтижесінде жәбірленушілер туристік жолдамаларын ала алмау себебінен демалысқа шыға алмаған. Барлық эпизод бойынша 31 жәбірленушіге 30 млн 731 сың 800 теңге көлемінде мүліктік залал келтірілген», - деп хабарлады №2 соттың баспасөз қызметі.

Сот отырысында сотталушы Н.М. айыппен келіспеген. Ол жәбірленушілердің туристік жолдама алу үшін төлеген қаражатын алаяқтық жолмен жымқырмағанын, оны жұмысшыларға жалақы, бонустар төлеуге, компанияның шығындарын жабуға, офисті жалға алуға, коммуналдық төлемдер төлеуге және бизнесті жандандыру үшін алынған несиелерді төлеуге жұмсағанын көрсеткен.

Алайда сот отырысында сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, екінші деңгейдегі банктердің үзінділерімен расталған. Жәбірленушілер мен «I» ЖШС арасында туристік қызметтер көрсетуге шарттар жасалып, жәбірленушілердің туристік жолдама алуға төлеген ақша қаражаты қабылданып, толықтай серіктестіктің есепшотына аударылған. Ал бұл қаражаттды одан әрі пайдалануға тек Н.М. құқылы болған. Бірақ Н.М. бұл қаражаттарды жәбірленушілердің жолдамалары үшін туристік операторларға аудармағаны дәлелденген.

Прокурор Н.М.-ға 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер Н.М.-дан мүліктік залалды өндіріп, оны заң бойынша қатаң жазалауды ұсынған. Қорғаушы тарабы сотталушы Н.М.-ның әрекетін ҚР Қылмыстық кодекстің 190 бабынан 195-бабына (жымқыру белгілері болмаған кезде алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру) дәрежелеуді сұрады.

«Сот Н.М.-ны ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жаза өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесі белгіленді. Жәбірленушілердің азаматтық талабы толықтай қанағаттандырылды», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары