Күдікті өз әрекетін толық мойындады
Түркістан облысының полицейлері жалған ақпарат таратқан күдіктіні анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
«Келес аудандық полиция бөлімшесіне WhatsApp мессенджері арқылы «бейтаныс тұлғалар коронавирусты жұқтырған» деген Келес ауданының тұрғыны туралы жалған ақпарат таратылып жатқаны бойынша хабарлама келіп түсті. Аталған жайтты полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігі «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Тексеру барысында белгілі болғандай, желіде таралған аудиохабарламадағы әйел 10 наурыз күні Мәскеу-Шымкент рейсімен Германиядан ұшып келді», - деп жазылған ақпаратта.
Әуежайда оны медицина қызметкерлері қарсы алып, Шымкент қаласындағы пәтеріне үй жағдайындағы карантинге жатқызған. Қазіргі уақытта әйел амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Оның денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Жәбірленуші полицияға жалған ақпарат таратушыларды жауапкершілікке тарту туралы өтініш білдірді.
«Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында, Келес аудандық Полиция басқармасының полиция қызметкерлері жалған ақпарат таратушыны анықтады. Ол Сарыағаш ауданының тұрғыны болып шықты. Күдікті өз әрекетін толық мойындап, қылмыс жасағанына өкінді. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды. Күдікті қолхатта», - деп жазылған хабарламада.