Шетелдік көлігін заңдастырмақ болған Шымкент тұрғыны сан соғып қалды
Шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны 1 шілдеге дейін жүргізіледі
Шымкент қаласының тұрғыны мамандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында алаяққа алданып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамандандырылған халыққа қызмети көрсету орталығында алдынан бір ер адам шыққан. Ол шетелдік көлікті жылдам заңдастырып бере алатынын айтып, өз қызметі үшін 220 мың теңге сұраған. Жәбірленуші оған сеніп, сұраған ақшасын берген. Бірақ біршама уақыттан кейін көмек беремін деген жігіт байланысқа шықпай кеткен. Телефонды көтермей қойған. Жәбірленуші бірден полицияға арыз түсіреді.
Тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. Күдікті ұсталып, полиция басқармасына жеткізілді. Одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.
«Күдіктінің кінәсін дәлелдейтін айғақтар жиналды. Жақын арада іс-құжаттар айыптау актісімен бірге сотқа жіберіледі», - дейді полицейлер.
Айта кетейік, шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны 1 шілдеге дейін жүргізіледі. Осыған байланысты соңғы күндері ХҚКО-ларда ұзын сонар кезек. Полиция 1 шілдеге дейін өтініш берген барлық адамның құжаттары қаралатынын тағы бір мәрте еске салды. Шетелдік көлікті заңдастыру құны – 200 мың теңге.