Олардың көпшілігі – 14 пен 18 жас аралығындағы жастар
Францияда полици 17 жастағы жасөспірімді атып өлтіргеннен кейін болған тәртіпсіздіктер кезінде 400-ден астам адам ұсталды деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Figaro басылымының елдің ішкі істер министрлігінің ақпаратына сілтеп жазуынша, жұмаға қараған түні барлығы 421 тәртіп бұзушы ұсталған. Олардың көпшілігі – 14 пен 18 жас аралығындағы жастар.
«Бұл рекордтық көрсеткіш министрдің полицияға берген қатаң нұсқау бергенін көрсетеді», - деді ІІМ.
Басылымның жазуынша, қазір Францияның едәуір бөлігінде «тұрақсыздық орнаған». Нантер қаласында да ара-тұра қақтығыстар болып жатыр.
Айта кетейік, сейсенбі күні таңертең полиция қызметкерлері Париждің батысындағы Нантер қаласында жолды тексеру кезінде 17 жастағы жасөспірімді атып өлтірген. Полиция жасөспірім айтылған талаптарды орындаудан бас тартты деп мәлімдеді. Соның салдарынан Францияның бірқатар қаласында бірнеше күннен бері жалғасып келе жатқан тәртіпсіздіктер болып отыр. Жастар көліктерді, полиция мен билік ғимараттарын өртеп жіберді. Бірқатар қалаға полицияның арнайы жасақтары орналастырылып, броньды машиналар мен тікұшақтар тартылған.