«Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды»: Қошанов халыққа берілген уәде жайлы
Ол азаматтар орындалмайтын дүние сұрамайтынын айтты
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алғашқы республикалық форумында халық алдындағы жауапкершілік пен уәде туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Баршамызды бір миссия – мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету миссиясы біріктіреді. Бүгінгі жиынның символы ретінде Қазақстанның туы бейнеленген депутаттық төсбелгіні бекерге алып отырған жоқпыз. Мұның мағынасы кең. Өткен жылы, Партияның сьезінде Мемлекет басшысы «Мәслихат депутатының төсбелгісі оны халық сайлағанын білдіреді және депутат тек халықтың мүддесі үшін қызмет етуі керек» деген еді. Сондықтан бізге қойылатын талап та аса жоғары болатынын естен шығармайық. Сайлаушылар басқаларға кешіргенді бізге кешірмейді», - деді Қошанов.
Оның айтуынша, қазір қоғамның сұранысы да өзгерген.
«Қазір онсыз да қоғамның сұранысы күшейді. Алайда азаматтар бізден орындалмайтын нәрсені сұрап отырған жоқ. Олар берген уәделеріміздің уақытында әрі сапалы орындалуын, реформалардың нақты нәтижесін тағатсыздана күтіп отыр. Олай болса, депутаттардың бел шешіп жұмысқа кірісетін шағы келді. Бұл, әсіресе, мәслихат депутаттарына қатысты. Сіздер – партияның жергілікті жердегі өкілісіздер. Бүкіл өңірлік саясатқа ықпал етесіздер. Сіздердің мойындарыңыздағы жүк жеңіл емес. Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды. Не жағдай болса да, «AMANAT» қайда?» дейді. Оны өздеріңіз де сезініп жатқан шығарсыздар. Біз осы сынаққа дайын болуымыз керек», - деді ол.