Астана маңында бір апта бұрын тұтанған дала өрті сөндірілді
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады

Астана маңындағы бір апта бұрын тұтанған қамыс өрті сөндірілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Елордалық өрт сөндірушілердің күшімен Талдыкөл көлінің ауданында 80 га алаңдағы сортаңды жерде қамыс пен құрғақ шөптің жануы бүгін сағат 11.22-де жойылды», - делінген хабарламада.
Еске салайық, Астана маңындағы Қорғалжын тасжолы мен Қосшы қаласына апаратын айналма жол маңында құрғақ шөп пен бұталардың жануы 19 маусымда басталған болатын.
Қатты жел салдарынан өртті сөндіру қиынға соққан. Өрттің өршуінен тіптен, Астананы түтін басып қалды. Денсаулық сақтау министрлігі мен қала әкімдігі астаналықтарға ауадағы қою түтінге байланысты үйден шықпауға кеңес берді.
Тақырыпқа орай: Астаналық өрт сөндірушілер өрт ортасында қалған киіктің лағын құтқарып қалды
Маусымның 20-сына қарай өрт оқшауланды, Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы қалың қамыстың салдарынан өрт қайта тұтануы мүмкін екенін айтты.
21 маусымда өрт сөндірушілер 80 гектар аумақта жұмысты жалғастырғаны хабарланды.