«Бір көзі соқыр, құйрығы тумадан жоқ»: мамандар құрбандыққа қандай малдар жарамсыз екенін айтты
Ал кедей адам алған малдан осындай кемшілік шықса, ол шала береді

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құрбандыққа жарамсыз малдар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Ал елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды», - деді Мансұров.
Ол атағандай, қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады.
«Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына да болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал құрбан болып есептелмейді», - деді ол.
Мансұров кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады:
- Бір көзі соқыр
- Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем
- Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
- Тістерінің көбі түсіп қалған
- Емшектерінің басы жұлынып қалған
- Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.
«Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбандық. Нәпіл ғибадатта кешірім бар», - деді ол.