Үндістанда аптап ыстықтан 100-ге жуық адам көз жұмды
Өлім-жітімнің көбі инфаркт, инсульт және диарея салдарынан болған
Үндістанның солтүстігінде аптап ыстықтан 98 адам көз жұмды. Бұл туралы India Today телеарнасының сайты хабарлады.
Адам өлімі соңғы үш күнде Уттар-Прадеш және Бихар штаттарында болған.
15-17 маусым аралығында Уттар-Прадеш штатының Балия ауданында 400 адам жағдайына шағымданып ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 54 адам қайтыс болды.
Аудандық денсаулық сақтау қызметкері Джаянт Кумардың айтуынша, науқастардың көпшілігі 60 жастан асқан.
«Олардың бәрінің түрлі ауруы болған және қатты ыстықтан жағдайы нашарлап кеткен», - деді Кумар.
Сондай-ақ Бихар штатында аптап ыстықтан 44 адам көз жұмды. Онда 17 маусымда ауа температурасы 44 градусқа дейін көтерілді.
Associated Press агенттігі 17 маусымда Үндістанның солтүстігіндегі Уттар-Прадеш штатында аптап ыстықтан кем дегенде 34 адамның көз жұмғанын хабарлады. Өлім-жітімнің көбі Баллия округінде инфаркт, инсульт және диарея салдарынан болған.