Елжан Біртанов: Ауру жұқтырғандардың аты-жөнін жариялауға болмайды
Бұл олардың конституциялық құқығын бұзады

«Qazaqstan» телеарнасының тікелей эфирінде өткен «Ашық алаң» бағдарламасында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауру жұқтырғандардың аты-жөнін жариялауға болмайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Оның айтуынша, бұл азаматтардың конституциялық құқығын бұзады.
«Әр азаматтың құқығы Конституциямен бекітілген. Сол себепті ауру жұқтырғандардың аты-жөнін жариялауға болмайды. Мұндай шараға әлемнің ешқандай мемлекеті барған емес», - деді Министр.
Сонымен қатар Елжан Біртанов тікелей эфирде қаңтардан бастап халыққа ауру тарап жатқан елдерге бармаған жөн екені айтылып жатса да, халықтың тыңдағысы келмейтінін айтты.
«Қаңтардан бастап халыққа шетелге бармауға кеңес беріп жатырмыз. Бірақ бұл кеңеске құлақ аспағандар бар. Тіпті, олар жұмыс бабымен, оқумен емес, жай демалуға барып жатыр. Қазіргі таңда Египетте жүрген 40 адам елге қайтқысы келетінін айтып көмек сұрады», - деді министр.
Айта кету керек, қазіргі таңда төрт жарым мыңнан астам қазақстандық шетелде демалып жатыр.