Семейде өрт кезінде эвакуацияланған балаларға жазғы лагерь ұйымдастырылды
Қазіргі таңда Семейдегі эвакуациялық пункттерде 74 бала бар

Төтенше жағдайға байланысты Половинка, Талица және Бұлақ ауылдарындағы үйлерінен кетуге мәжбүр болған балаларға жазғы лагерьлерде тегін демалыс ұйымдастырылуда. Қазір олардың барлығы Семей эвакуациялық пункттерінде, оларға қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Семей қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Эвакуацияланған балалардың бос уақытын ұйымдастыру үшін күн сайын Абай музейіне, басқа да қалалық мұражайларға, биологиялық орталыққа, киноға, орталық саябаққа экскурсиялар ұйымдастырылады.
«Күн сайын балалар үшін демалыс және ойын-сауық бағдарламалары әзірленуде. Сондай-ақ, балаларға арналған №49 орта мектеп базасында мектеп лагері жұмыс істейді. Онда білім беру сабақтарымен қатар оларға психологиялық қолдау көрсетіледі», - деп атап өтті эвакопункт өкілі Біржан Булабаев.
Қазіргі таңда Семейдегі эвакуациялық пункттерде 189 адам, оның ішінде 74 бала бар. Жалпы, қалада 800 адамға 9 эвакопункт бар. Көшірілген кент тұрғындарының мүлкінің сақталуын құқық қорғау органдары қадағалайды.