Coursera платформасында қазақстандық студенттер тегін білім алып жатыр – Саясат Нұрбек
Жасанды интеллекті қазақ тілінде де жұмыс істейді

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім алушыларға арналған әлемдік «Coursera» курстар платформасында студенттер қазақша тегін білім алып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің сөзінше, отандық 25 оқу орнының студенттері 26 мыңнан астам курсты оқыған. Министр «Coursera» сән қуу емес, бүгінгі күн сұранысы деген пікірде.
«Студенттердің саны күн санап өсіп келе жатыр. Бізде жылына 400 мың бала дүниеге келеді. 7-10 жылда біздің қазіргі инфрақұрылымымыз білім саласындағы сұранысты өтей алмайды. Университеттер мен жатақханалар жеткіліксіз болады. Біз қанша жатақхана мен оқу корпустарын сала бергенімізбен, демографиялық өсімге қарсы тұра алмаймыз. Жыл сайын жатақхана мен оқу корпустарын салу қыруар ақшаны талап етеді. Сондықтан онлайн білім беру платформаларын кеңейтуіміз керек. Біз бұл жерде онлайн оқуға біржола көшеміз деген сөз емес. Гибридті білім алу формасын қолданатын боламыз», - деді ол.
Оның айтуынша, бұл демографиялық өсімге дайындық.
«Инфрақұрылым жеткіліксіздігінің бір мысалы ретінде КазГУ-ды алуға болады. Оның инфрақұрылымы 10-12 мың адамға жоспарланып салынған. 26 мың студент оқып жатыр. Жатақханалардың тапшылығы бар, он бес мың студент жатақханаға мұқтаж», - деді Саясат Нұрбек.
Сонымен бірге министр жаһандану кезеңіндегі еңбек нарығында бәсекелестікті күшейтуде де платформаның оң әсері болатынын айтты. Сондай-ақ қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуде де пайдасы зор. Өйткені кез келген тіл енді заманауи платформада контентін көбейтуге күресетін болады», - дейді министр.
«Бүгінгідей жаһандану мен цифрландыру жағдайында халықаралық еңбек нарығындағы бәсекенің артуы ұлттық білім беру жүйесінің ашық әрі бәсекеге қабілетті, үздіксіз оқу мен кәсіби дағдыларды дамытуға жол ашатын икемді үлгісіне қажеттілік тудырды. Біз «Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында әлемнің ең үздік профессорларының курстарын қазақ тіліне аударуды бастадық. Бұл – еліміздің болашағы, тіліміздің әлеуеті, білім сапасын көтеру тұрғысынан өте маңызды бастама», - деді министр Саясат Нұрбек.
Министрдің сөзінше, платформаға Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті профессорының курсы жүктеліп те үлгерген.
Ал Coursera компаниясының Бас атқарушы директоры Джефф Маджонкальда платформаның қазақ тіліне аударылуы дер уақытында қабылданған шешім болды дейді.
«Сhat GPT-4-тің пайда болуы еңбек нарығындағы сұраныстың бағытын өзгертті. Енді цифрландыру мен жаңа технологияларға мән бермесе болмайды. Маманның бойында болуы керек дағдылары өзгерді. Жұмыс берушілердің 60%-дан астамы маманның жаңа технологияларды меңгеруіне мән береді. Бұл – ғылыми зерттеулер дәлелдеген тұжырым», - дейді ол.
Сондай-ақ оның сөзінше жасанды интеллекті қазақ тілінде де жұмыс істейді.
«Біздің платформада оқытушыларға контент жасауда көмектесетін жасанды интеллект бар. Ол білім алушы тез қабылдай алатын қысқа видео түрінде контент дайындап отырады. Жасанды интеллект бұдан да үлкен мүмкіндіктер жасайды», - деді ол.
Сондай-ақ ол курстың ұзақтығы да өте ыңғайлы әрі оқушыны жалықтырмайтындай екенін айтты. Курстың орташа ұзақтығы – 10 сағат. Кәсіби сертификат алу үшін 3-4 курсты аяқтауы керек.
Сонымен бірге Джефф Маджонкальда бұл демографиялық өсімнен туындаған маман тапшылығының алдын алуды қамтамасыз етуде де ұтымды қадам екенін айтты.
«Біз Қазақстанның кәсіби білікті мамандар тапшылығының алдын алу және жылдам көбейіп жатқан халық санын ескеріп, студенттерге де, профессорлық-оқытушылар құрамына да цифрлы экономика саласында жетістікке жетуге қажет дағдыларды игеруге мүмкіндік жасап жатқанын қолдаймыз. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Coursera-ның стратегиялық серіктестігі арқылы әлемдік үздік компаниялар мен университеттер дайындаған 650-ден аса курс қазақ тілге аударылып, ол контент 25 мемлекеттік университеттің оқу бағдарламасына енді. Жобаны ұлттық деңгейде жүзеге асыру және түрлі бағдарламаларға енгізу Үкімет, жоғары білім беру жүйесі мен Coursera, BMG Upskill секілді стратегиялық серіктестердің өзара тығыз ынтымақтастық орната алуы арқылы мүмкін болды», - деді ол.
«Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында қазақ тіліне 654 курс аударылып, еліміздегі 25 өңірлік жоғары оқу орнының 19 300 студентіне осы курстардан өту мүмкіндігі берілді.
Осы платформада білім алып жатқан жастардың бірі – Сағыныш Егенбердиева. Ол Шәкәрім атындағы университетте «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамсыздандыру» мамандығының 3-курс студенті. Ол осы платформада 12 түрлі курсты сәтті аяқтап, сертификатқа ие болған. Үйренгенім көп болды деген айтишник қыз осы курстан алған білімін маркетинг саласында байқап көрмек.
«Бұл курста маған мотивация болған ол – шетелдік жоғарғы оқу орындарының сертификаттары. Студенттерге берілген үлкен мүмкіндік дер едім. Әрине оңай болды деп айта алмаймын. Ыңғайлы платформа. Видео сабақтар мен үшін қызық болды. Көп үйренген сайын қызығушылығым артты. Қазақ және ағылшын тілдерінде оқыдым. Ағылшын тілінде білім алу қиынға соқты», - деді ол.
Курстарды қазақ тіліне аудару жұмысы Coursera-ның техникалық және әдістемелік қолдауына сүйене отырып жүзеге асырылып жатыр. Қазір 50 курс қазақ және орыс тілдеріне толықтай аударылып, платформаға жүктелді. Аударма жұмысы жалғаса береді. Келесі 50 курстың аудармасы аяқталып, платформаға жүктеліп жатыр. Қазіргі таңда аймақтық 25 оқу орнының студенттері жалпы 26 мыңнан аса курсты аяқтады. Соның ішінде курстарды 11 358-і қазақ тілінде, 8 653-і ағылшын, 6 096-ы орыс тілінде өткен.
Қазақстандық студенттер арасында «Кәсіпкерлік: кәсіптің негізін қалау», «Командаларға жетекшілік ету: көшбасшы ретінде даму», «21-ғасыр жұмыс орнындағы қарым-қатынас», «Кәсіби және жеке өнімділікке арналған уақытты басқару», «Инженерлерге арналған дифференциалдық теңдеулер», «Проблеманы тиімді шешу және шешім қабылдау» деп аталатын курстар жоғары сұранысқа ие болды.
Айта кетейік, Coursera – дүние жүзінің Стэнфорд, Йель сынды ең таңдаулы деген 170 университетінің оқу курстары мен Google, Microsoft, META секілді алпауыт 75 компанияның маман дайындау және біліктілікті арттыру курстары жинақталған кешенді білім беру платформасы. Сапалы білім мен өмірге қажет дағдыларды кеңінен тарату мақсатында әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындары мен технология алыптарын біріктірген ірі білім беру ұйымы. Бұл платформаны әлемнің 200 елінде 110 млн адам қолданады. Coursera 200-ден аса мемлекетте жоғары халықаралық талаптарды сақтай отырып жұмыс істейді. Платформада барлық сала мен бағытты қамтитын жалпы саны 10 мыңнан аса курс бар.