Украина соғыста қаза тапқан 79 сарбазының денесін қайтарды
Соғыс басталғалы оккупацияланған аумақтардан 1800-ге жуық украиндық жауынгердің денесі қайтарылды
Украина мен Ресей соғыста қаза тапқан сарбаздарының денесін бір-біріне қайтарды. Украинаның Ресей әскері басып алған аумақтарында қаза тапқан 79 жауынгердің сүйегі қайтарылғаны хабарланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгін қаза тапқан 79 украиндық қорғаушының денесін елге қайтаруға мүмкіндік туды. мәйіттерді қайтару жұмысын Украинаның уақытша басып алынған аумақтарындағы реинтеграция мәселесі жөніндегі министрлік жанындағы Хабар-ошарсыз кеткендер істері жөніндегі уәкілдік кеңсесі құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып жүзеге асырды», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, қаза тапқан әскерилердің денелерін беру Женева конвенциясының нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Отанын қорғаушылардың мәйіті лайықты жерлеу үшін отбасыларына беріледі.
Айта кетейік, 5 мамырда Украина 80 әскери қызметкерінің денесін еліне қайтарған болатын. Ресейдің жаппай шабуылы басталғалы бері бүгінге дейін 1800-ге жуық украиндық сарбаздың денесі қайтарылды.