Коронавирус: Алматы әкімдігі білім беру мекемелерінің жұмыс істеу форматын түсіндірді
Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін оқушылар үйі мен музыкалық мектептерде білім беруге тыйым салынды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Алматы қаласының тұрғындары арасында коронавирустық инфекция жағдайы тіркелген жағдайда әрекет ету алгоритіміне сәйкес, білім беру мекемелерінің жұмыс форматына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін қосымша білім беру нысандарында (оқушылар үйі, музыкалық мектептерде) білім беруге тыйым салынды. Сонымен қатар балалардың орыны сақталады, ата-аналардан оқу ақысы алынбайды.
Жалпы, Алматыда 266 мектеп, 80 колледж бар. 16 наурыздан бастап мектептерде демалыс жарияланды. Оқушыларға демалыс кезінде экскурсияға баруға тыйым салынды. Колледж студенттері 16 наурыздан бастап қашықтан білім алуға көшеді.
Білім беру саласындағы қызметкерлер бойынша 3 санат анықталды. Әкімшілік-басқару қызметкерлері – басшы, орынбасарлар және техникалық қызметкерлер әдеттегі режімде, ал пән мұғалімдері үйде отырып, қашықтан жұмыс істей алады. Бұл ретте олардың жалақысы толық көлемде сақталады. Ақылы еңбек демалысын ресімдеуге тілек білдірген қызметкерлердің қалауы толық қанағаттандырылады.