$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Судандағы қақтығыс: тараптар өзара бітімді бес күнге ұзартты

Қарулы қақтығыс салдарынан 1800-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алды

Судандағы қақтығыс: тараптар өзара бітімді бес күнге ұзартты
© AP Photo

Судан армиясы мен Жедел әрекет ету күштері (RSF) АҚШ пен Сауд Арабиясының арағайындығымен жасалған бітімді бес күнге ұзартуға келісті. 20 мамырда жасалған бітім бұзылғанымен, ел тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуге мүмкіндік болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.   

Келісім кеше, тараптар арасындағы бұрынғы келісімнің аяқталуына аз уақыт қалғанда жасалған.

Соған қарамастан, 29 мамырда қараңғы түскен соң ел астанасы Хартумда мылтық дауыстары естілген. Бұл туралы AFP жергілікті тұрғындардың ақпаратына сілтеме жасап хабарлады. Бұған дейін Хартумның солтүстігінде көше шайқасы, сондай-ақ қаланың оңтүстігінде артиллериялық атқылау болғаны хабарланған болатын.

Айта кетсек, Судан армиясы мен RSF арасында 20 мамырда жарияланған бітім бұзылған болатын. Соған қарамастан, шайқастардың ішінара тоқтауы зардап шеккен аудандардың тұрғындарына гуманитарлық көмектің бір бөлігін жеткізуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Хартумның мыңдаған тұрғынына көмек қолын жеткізе алғанын айтты.

Еске салайық, Судан армиясы мен жедел жасақ арасындағы шайқас 15 сәуірден бері жалғасып жатыр.  Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, қарулы қақтығыс салдарынан кем дегенде 1800 адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алған. 350 000-ға жуық судандық елден қашып, бір миллионға жуық адам ел ішінде босқынға айналды. БҰҰ Шығыс Африкада гуманитарлық дағдарыс болуы мүмкін екенін ескертті.

Серіктес жаңалықтары