Президент СҚО-да қағаз өнімдерін шығаратын фабрикаға барды
Кәсіпорын жылына 5 мың тонна қағаз өнімін өндіре алады

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «РимҚазАгро» ЖШС-нің қағаз өнімдерін шығаратын фабриканың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өндіріс орнын аралап көрген Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрика жұмысының алғашқы нәтижесі туралы баяндалды. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна қағаз өнімін өндіре алады. Құйылған инвестиция көлемі – 2,5 миллиард теңге. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобаны субсидиялауға қаржы бөлінген.
«Қағаз өнімдері фабрикасы – көпсалалы «Радуга» компаниясына қарасты кәсіпорындардың бірі ғана. Жалпы аумағы 37,7 гектар болатын индустриялық кешенде бұған дейін халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік шығаратын бірнеше кәсіпорын ашылған. Қазіргі кезде өңір халқын жыл он екі ай көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жылыжай құрылысы жүріп жатыр», - делінген хабарламада.
Президент елімізде «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға және халық тұтынатын тауарлар түрлерін кеңейтуге ерекше мән берілетінін атап өтіп, кәсіпорын басшылығына сәттілік тіледі.