«Әзіліне лайықты баға бердім»: Тоқаев Лукашенконың сөзіне қатысты пікір білдірді
Беларусь басшысы Қазақстанға одақтас мемлекетке қосылуды ұсынған болатын
Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь президенті Александр Лукашенконың сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жақында Беларусь Республикасының президенті Александр Григорьевич Лукашенко Қазақстанға одақтас мемлекетке қосылуды ұсынды. Мен оның әзіліне лайықты баға бердім. Меніңше, басқа да интеграциялық бірлестіктер, бірінші кезекте Еуразиялық экономикалық одақ бар болғандықтан, мұның қажеті жоқ. Ядролық қаруға келетін болсақ, ол бізге керек емес, өйткені біз Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және Ядролық қаруды сынауға тыйым салу шартына қол қойғанбыз. Біз осы халықаралық құжаттар бойынша өз міндеттемелерімізге берік болып қала береміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев СҚО-дағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесу барысында.
Айта кетсек, Александр Лукашенко Қазақстанның да, басқа елдердің де Беларусь сияқты Ресеймен жақын қарым-қатынаста болғанына қарсы еместігін айтқан болатын.
«Оның еш қиындығы жоқ – Ресей мен Беларусь одағына кірсе болды, ядролық қару бәріне ортақ болады. Бұл – ресейліктердің пікірі емес, менің пікірім. Дегенмен менің ойымша, солай істеуге болады. Біз бірігудің бірегей мүмкіндігі бар екенін стратегиялық тұрғыдан түсінуіміз керек», - деген еді А. Лукашенко.
Еске салсақ, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ешбір одақтас мемлекеттерге қосылу ниеті жоқ екенін мәлімдеген болатын.