СҚО-да 30 жыл құжатсыз жүрген үш әйел анықталды
Олар «Жолда қабылдау» акциясы кезінде алғаш рет құжаттарын алды
Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында үш апалы-сіңлілі 30 жыл бойы ешбір құжатсыз тұрып келген. Олар «Жолда қабылдау» акциясы кезінде алғаш рет құжаттарын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Апалы-сіңлілі Нұғұмановтар Ресейдің Омбы облысында дүниеге келіпті. Олар 1990 жылы ата-анасымен бірге Қазақстанға қоныс аударған. Ол кезде ең үлкені 6 жаста болған көрінеді. Ауылда тұрып келген ағайынды қыздар құжаттардың келешекте қажет болатынына мән бермепті. Осылайша құжаттарға қажеттілік туындағанда олар «Жолда қабылдау» акциясы барысында СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевқа жүгінген.
Апалы-сіңлілілер туу туралы куәліктерін жоғалтып алған. Оны қайтадан алуға Ресей тарапынан қажетті жауаптың келмеуі себеп болыпты. СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Ресейдегі ҚР елшілігі мен адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюромен байланысқа шыққан. Полицейлер Дариха, Кәмеш, Дәния Нұғұмановаларды Көші-қон қызметі басқармасына шақырды. Ауыл тұрғындары жеке куәліктерін алуға құқық беретін жолдама құжатын алды.
«Біздің проблемамыздың басы-қасында болып, шешімін табуда үлкен көмек көрсеткені үшін полиция қызметкерлеріне зор алғысымызды айтамыз. Енді біздің көптеген мәселелеріміз шешілетін болды. СҚО Полиция департаментіне жүгінбегенде құжаттарымызды алмайтын едік», - дейді Дариха Сахаутдинова.
Полицейлер «Жолда қабылдау» акциясын замануи форматта өткізген жөн деп санайды.
«Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер халықты ақпараттандырудың тиімді құралы. Біз әлеуметтік желілерді пайдаланып, азаматтардан өздерінің, туыстарының құжаттарын ретке келтірулерін сұраймыз. Апалы-сіңлілі Нұғұмановтардың мәселесі 1990 жылдарға тән жағдай болса да, бүгінгі күнде де жиі кездеседі», – дейді СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов.
Акция кезінде көші-қон қызметіне қатысты сауалдар жиі қойылады. Бір жарым тәулікте тәртіп сақшылары солтүстікқазақстандықтардың 150-ден астам сұрағына жауап берді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО