Әкім осы комбинатқа тиесілі шахталарда жүзден астам шахтердің қазасы туралы сұраққа нақты жауап бере алмады
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың есеп беру брифингісі өтті. Баяндамасы аяқталған соң әкімге бір емес бірнеше журналист ««АрселорМиттал Теміртау» компаниялар тобының иесі Лакшми Митталға қатысты сұрақ қойды. Дәлірек айтсақ, журналистердің бірі әкім «АМТ» басшысы Лакшми Митталмен кездестіңіз бе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың өкілі ретінде шахтерлердің өлімін болдырмау үшін нақты қандай талап қойдыңыз деп сұраса, екінші журналист – Azattyq Ruhy тілшісі миллиардер Миттал отыз жыл ішінде неге адам өліміне тосқауыл бола алмағанын сұрады.
Сауалдарға нақты жауап бере алмаған әкім үшжақты комиссия құрылғанын, комбинат басшылығымен шахтадағы өлім-жітімді азайту үшін келіссөздер жүріп жатқанын хабарлады.
«Енді менің әкім болып келгеміне бес ай толады, сондықтан, қазір қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтайын. Бізде үшжақты комиссия жұмыс істейді. Біріншіден, біздің Үкімет пен АМТ арасында меморандумға қол қойылып, сол құжат аясында АТМ шахталарда модернизация жұмыстарын өткізуі керек. Қазіргі таңда үшжақты комиссия осыны бақылап отыр. Бұдан өзге, өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі департамент бақылау жүргізеді. Соңғы төрт айдың қорытындысы бойынша ешқандай апатты жағдай болған жоқ, болмасын деп тілейміз. Шахтадағы қауіпсіздік үлкен жұмыс, үлкен инвестицияны қажет етеді, сондықтан, біз де сол инвестицияның салынуын талап етеміз», - деді Azattyq Ruhy тілшісінің сұрағына жауап берген ол.
Ал, Қазақстанның кен қойнауын пайдаланып отырған компания ретінде АТМ өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қандай үлес қосты деген сұраққа Ермағанбет Бөлекпаев былай жауап берді:
«Шахтинск қаласындағы саябаққа өз қаражатына абаттандыру жасады, Теміртау қаласына емхана салып берді. Қазір енді балабақшаға құрылысына қатысты келісссөз жүргізіп жатырмыз».