АҚШ-та Монтана штаты бірінші болып TikTok-қа заңмен тыйым салды

Заңға штат губернаторы қол қойды

АҚШ-та Монтана штаты бірінші болып TikTok-қа заңмен тыйым салды
Фото ашық дереккөзден

АҚШ-та Монтана TikTok қосымшасына тыйым салған алғашқы штат болды. Штат губернаторы Грег Джанфорте өз ұстанымына түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Монтана тұрғындарының жеке деректерін Қытай Коммунистік партиясынан қорғау үшін мен TikTok-қа тыйым салдым», - деп жазды Джанфорте Twitter-де.

Осылайша, Монтана аталған мобильді қосымшаға тыйым салған АҚШ-тың алғашқы штаты болды.

1 қаңтарда күшіне енетін заң TikTok-қа Монтана штатында жұмыс істеуге және Apple App Store және Google Play Store сияқты қосымшалардың дүкендеріне штатта жүктеп алуға қолжетімді етуге тыйым салады.

Заң бұзғандарға күніне 10 000 долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Дегенмен пайдаланушыларға айыппұлдар қолданылмайды.

Бұған дейін хабарланғандай, өткен жылдың соңында АҚШ Конгресі федералды үкіметтің телефондары мен электронды құрылғыларында TikTok әлеуметтік желісін пайдалануға тыйым салатын заң жобасын мақұлдаған болатын. Ақпанда Ақ үй барлық федералды агенттіктерге қытайлық қосымшаны үкіметтік құрылғылардан алып тастауға 30 күн мұрсат берген еді.

«Өз кезегінде АҚШ заңгерлері президентке TikTok-қа толық тыйым салуға мүмкіндік беретін заң жобасын қарастыруды жоспарлап отыр», - деп жазады Guardian басылымы.

АҚШ билігінің айтуынша, Қытай билігі бұл қосымшаны америкалықтардың жеке деректерін жинау үшін пайдалануы мүмкін.

Айта кетерлігі, TikTok-тың АҚШ-та 100 миллионнан астам қолданушысы бар. Сондықтан мұндай тыйымдардың пайдаланушыларға қалай әсер ететіні басы ашық мәселе болып қалып отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.