Көлік жүргізушілері ақылы жолға өткен кезде SMS-хабарлама алады

Автор: Мира Байбек

Хабарламада төлем әдістері туралы сілтеме де қарастырылған

© Sputnik

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ақылы жолдардағы SMS-хабарлама қызметін іске қосты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Ақылы жол пайдаланушыларын уақтылы хабардар ету үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы SMS-хабарлама қызметінің пилоттық жобасын іске қосты.

«Ақылы жолға алғаш өткен кезде автокөлік иесі SMS-хабарлама алады. Хабарламада төлем әдістері туралы сілтеме де қарастырылған. SMS-хабарлама ашық жүйе іске қосылған жеті ақылы жолдан өткен кезде келеді», - делінген ұлттық оператор хабарламасында.

Жаңа қызмет:

  • Астана – Павлодар;
  • Шымкент – Қызылорда;
  • Шымкент – Ташкент;
  • Шымкент – Тараз;
  • Тараз – Қайнар;
  • Қонаев – Талдықорған;
  • Щучинск – Көкшетау күрежолдарында көрсетіледі.

Шлагбаумдар қарастырылған учаскелерден өткен кезде (Астана – Щучинск, Астана – Теміртау, Алматы – Қонаев, Алматы – Қорғас) SMS-хабарлама келмейді.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде жалпы ұзындығы 2,200 шақырымды құрайтын 11 ақылы жол бар.