Павлодар облысында қорадағы малға белгісіз жыртқыш шапқан
Қазір ветеринарлар тиісті тексеріс шараларын бастады
Павлодар облысының Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылында, белгісіз жыртқыштар 50-ден астам қойға шапқан. Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай екінші рет болып отыр екен. Малшылар бірнеше аптаның ішінде, ондаған аша тұяқтыдан айырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Белгісіз жыртқыштар түн қата қораға кіреді екен. Қазір ветеринарлар тиісті тексеріс шараларын бастады. Қырылған малдан сынама алынып, сараптамаға жіберіледі. Кейін нақты шешім қабылданады. Қой мен ешкіге шапқан жыртқыш әлі анықталмады.
«Шапқан малға толық есептеу жасаймыз. Акт жасаймыз. Қандай, кімнің малы? Кісілердің қосқан малдары бар, соларды есептейміз. Мынау нақты қаңғыбас иттер ме, немесе келген қасқыр ма, біз ол жағын білмейміз. Қазір кісілермен учаскелік полициямен анықтап, сосын айта аламыз», - дейді Ақсу қалалық ветеринарлық қызмет бөлімінің басшысы Мират Тиқанов.