Орталыққа қомақты қаржы аударатын Атырау облысы оның бір бөлігін өзінде қалдырғысы келеді

Автор: Azattyq Rýhy

Жергілікті билік депутаттарға осындай ұсыныспен шықты

Фото ашық дерек көздерінен алынды

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Атырауда көшпелі отырыс өткізді. Жиында республикалық бюджеттің мақсатты және тиімді пайдаланылуы мен үш жылдық бюджеттік трансферттерге өзгертулер еңгізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Парламенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкеновтің айтуынша, облыс орталыққа қомақты қаржы жібергенімен жергілікті жерлерде шешілмеген біраз мәселе бар.

«Оларды реттеу үшін республикалық бюджеттен қаржыландыру қажет. Атап айтқанда,  республикалық бюджет есебінен салынған жаңа әлеуметтік нысандарды қамтамасыз ету мәселесі де бар»,-деді әкім орынбасары.

Мәжіліс депутаттарының пікірінше,Қаржы министрлігі аймақтардан республикалық бюджетке түсетін түсімдерді алу жүйесін қайта қарауы тиіс, сонымен қатар үш жылдық трансфертті жоспарлауға өзгерістер енгізуі керек.   

  Ал депутат Серік Құсайыновтың айтуынша, Қаржы министрлігі Атырау облысының орталыққа қомақты қаржы аударып отырғанын ескеру керек. Сол алымдардың бір бөлігін облыстың өзінде қалса, онда олар шағын және орта бизнесті, сондай-ақ отандық өндірісті қолдау арқылы салық базасын дамыта алар еді.

Жергілікті биліктің ұсынысын Қаржы министрлігінің өкілі ескеретінін айтты.

- Бүгінде аймақтарға қолданысқа жаңадан берілген нысандарды қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен трансферт бөлінбейді. Қазіргі бюджет заңнамасында қолданыстағы бар нысандарды ғана қаржыландыру көзделген,  мысалы, білім беру мекемелері сияқты. Министрлік осы мәселені  жақын арада шешуге кіріседі, – деді Қаржы министрлігінің бюджеттік саясат департаменті басшысының орынбасары Айгүл Айтбаева.