Заңсыз балық аулаған Атырау облысының 4 тұрғыны ұсталды
Балық ресурстарына келтірілген залал көлемі алдын ала есеп бойынша 3 740 490 теңгені құрайды
Атырау облысы Исатай ауданы, Жанбай ауылында «Ямаха-70» аспалы қозғалтқышы бар «Будара» шағын көлемді жүзу құралымен Жанбай ауылының 4 тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олардың 2023 жылғы 11 мамырда сағат 15:55-те «Бекіре-2023» кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу шеңберінде Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің жағалауында рейдтік іс-шара жүргізу барысында ұсталғаны да нақтыланады.
«Тексеру нәтижесінде жалпы салмағы 278 келі сазан балығы және 5 дана синтетикалық моножіптен жасалған ау құралдары анықталды. Аталаған дерек бойынша ҚР ҚК 335-бабының 1-бөлігінің белгілері бойынша СДТБТ-да тіркеліп, құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - делінген ресми хабарламада.
Экология министрлігінің мәліметінше, балық ресурстарына келтірілген залал көлемі алдын ала есеп бойынша 3 740 490 теңгені құрайды.