50 олигарх: Қазақстанның жер қойнауы кімдерді байытып жатыр?
Тыныс-тамырлық пен мақтаншақтар бәсекесі – сарапшылар еліміздегі ең бай 50 адамның тізімі туралы осылай деді
Azattyq Rýhy тілшісі отандық олигархтардың қалай табыс табатыны және тізімнің неліктен жыл сайын өзгермейтіні туралы сарапшы пікірін білді.
Қазақстанда ең бай адамдардың рейтингін Forbes журналы жасайды. Бұл тізімге ену үшін банктегі есеп-шоты ғана емес, басқа да ерекшеліктер есепке алынады. Мысалы: 20% - байдың капиталы, 30% - төлеген салығы, 50% - сарапшылар бағасы.
Сарапшылар пулына бизнесмендер, консалтингтік және аудиторлық компания, бизнес-қауымдастық, квазимемлекеттік ұйым басшылары, іскерлік БАҚ журналистері, саясат және қоғам қайраткерлері, сонымен қатар рейтинке қосылмаған бизнесмендер кіреді.
Суретте рейтинг көшбасшылары: Тимур Құлыбаев, Владимир Ким, Болат Өтемұратов, Әлижан Ибрагимов, Айдын Рахымбаев, Нұрлан Смағұлов, Рашит Сәрсенов, Қайрат Боранбаев және Александр Белович.
Толық тізіммен мына сілтеме бойынша танысуға болады. Рейтинг құрамы қанша жыл өтсе де көп өзгере қойған жоқ. Ара-тұра реттік нөмірлері ауысып тұратыны болмаса, олигархтардың 90% өз орынына нық жайғасқан. Forbes аналитиктерінің айтуынша, кейде аз-маз өзгеріс бизнесмендердің өз активтерін офшордан шығаруымен байланысты. Ал басқа сарапшылар олигархтардың капиталы биліктің қолдауымен өсіп жатыр деген пікірде.
«Тізім жалпы тұрақты. Көптеген жылдар бойы ол жерде ерекше өзгеріс жоқ. Тұрақты тізім. Бір жағынан, әрине, оларды жолы болғыш бизнесмендер деп айтуға болады. Екінші жағынан, олар билікке жақын және олар мұны артықшылық ретінде сәтті пайдаланған», - дейді экономист Жарас Ахметов.
Экономистің пікірін саясаттанушы Досым Сәтпаев та қуттайды. Оның ойынша, елдегі ең бай адамдардың тізімі Қазақстан экономикасының құрылымын көрсетеді. Рейтингтегі көптеген олигархтардың шикізат немесе банк жүйесінде бизнес жасайтынына қарап, әлі де экономикасы шикізатқа байланған ел екенімізді аңғару қиын емес,- дейді ол.
«Біздің экономика шикізаттық, олигархтық экономика. Бұрындары оны «жиендер экономикасы» деп атаған еді. Тізімдегі миллионер-миллиардерлердің көбі танымал саясаткерлердің туыстары екенін байқауға болады немесе олардың көбі бұрын өздері саясаткер болғандар. Тізімде сол бұрынғы адамдар және олардың 90%ы шикізат өндірісімен айналысаты адамдар немесе латифундист және банкирлер», - деп атап өтті Досым Сәтпаев.
Оның айтуынша, тізімде басқа сала өкілдері байқалмайды. Әсіресе, медицина, білім беру, шенеуніктер мақтауға құмар IT мен жаңа технологиялар саласы. Досым Сәтпаев бұл тізімге әзірге жас әрі шын талантты адамдар ене алмайтыны айдан анық дейді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның өз Стив Джобсы, Илон Маскі, Марк Цукербергі пайда бола қойған жоқ. Бұл индустриалды және инновациялық дамуға басымдық беретін бағдарламалар бос сөз болғанын білдіреді.
«Біздің шенеуніктер «бәсекеге қабілетті» деген терминді жақсы көреді. Қазақстанда бәсекеге қабілетті кадрларды, мамандарды өсіру қажеттілігі туралы жиі айтады. Бірақ елде ақыл-ой бәсекесі жоғын, тек тамыр-таныстық пен арзан атақ үшін ғана бақталастық барын ескерсек, экономика және басқа да салаларда табысқа өз қабілетімен қол жеткізетіндер көшбасшыға айналды деп айту қиын. Сол себепті "Форбс" тізімі қауіпті. Ол Қазақстанда инновация дамып жатқанын көрсететін экономикалық индикатор саналады. Ал шын мәнінде тізім бұл салада ешқандай өзгеріс жоқ екенін дәлелдейді», - дейді Досым Сәтпаев.
Салыстырып қарасақ, әлемдегі ең бай адамдар IT-саласының өкілдері. Олар интернет-сервистер, әлеуметтік желілер мен жаңа технологияларды ашқан тұлғалар. Мысалы, бірінші орында екі жыл қатарынан "Amazon" сервисінің иесі Джефф Безос тұр. Екінші орында Билл Гейтс. "Microsoft" компаниясының «әкесі». Жетінші позициядағы Лари Эллисон компьютерлік бағдарламалармен қамтитын компания қожайыны. Сегізінші орында "Facebook"-ті ойлап тапқан Марк Цукерберг. Ал ТОП-10-ты түйіндеп тұрған Ларри Пейдж – Google компаниясының негізін қалаушылардың бірі.
Ромина МАКАРИМОВА