Визасыз режим қытайлықтар емес, қазақстандықтар үшін жасалып отыр - сарапшы
Біздің ел Қытай үшін визасыз режимді 2017 жылы енгізіп қойған

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Әділ Каукенов Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Визасыз режим енгізуге қатысты айтатын болсақ, Қытайға баратын қазақстандықтар үшін виза алу күрделі болған. Әсіресе, бұл жағдайдан бизнес зардап шекті. Талаптар күрделі болған сайын, бизнеске қажетті өнім соншалықты қымбаттай түсті. Қазақстан бұрыннан қытайлық туристердің ағынын көбейткісі келді. Себебі, әлем бойынша қытайлық туристер алғашқы орында тұр»,- деді Каукенов.
Ол атағандай, еліміз 2017 жылы қытайлық транзиттік туристер үшін бір күнге визаны алды.
«Бұл нәтиже берген соң 2018 жылы ол 3 күнге ұзартылды. Бұл да оң нәтиже беріп, миграция болмағанын көрсетіп, экономикалық әсер зор болғаннан кейін визасыз режим 14 күнге дейін ұзартылды. Биыл Қытай осы қадамдарға жауап ретінде қазақстандықтар үшін 30 күнге дейін визадан алу туралы шешім қабылдады. Қытай үшін визасыз режим 2017 жылдан бастап енгізілген», - деді Каукенов.
Сарапшының айтуынша, қоғамда визасыз режимге қатысты пікірталастың туындауы өздерінің ақпараттық кеңістігінен шықпауына байланысты болып отыр.
«Оған тағы бір себеп - оппозициялық күш кейбір жаңалықты төндіріп саяси бағытта қолдануы мүмкін. Қазір болып жатқан шу 2016 жылы өзекті болған. Қазір визасыз режим қазақстандықтар үшін енгізіліп отыр. Визасыз режим сауда-саттыққа оң әсер етеді. Орталық Азия елдерінің ішінен мұндай мүмкіндік тек қазақстандықтарға беріліп отыр. Қытайда Ресей азаматтары үшін де қатаң визалық режим бар. Қазақстан үшін визасыз режим экономикалық тұрғыда маңызды. Себебі, Қытай арқылы бизнес жасайтын бизнесмендер саны өте көп», - деді Әділ Каукенов.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісімге мамырдың ортасында қол қойылмақ.