Аманаттықтар жол апатынан зардап шеккен Астана тұрғынына көмектесті

Автор: Azattyq Rýhy

Жағдайының ауырлығына қарамастан, Кәмшат өз Отанына оралды

«AMANAT» партиясының «Өркениет» филиалына отыз жастағы Кәмшаттың (аты өзгертілді) отбасы жүгінді. Кәмшатты көлік қағып кетіп, ауыр жарақат алған. «AMANAT» партиясының қызметкерлері оған ем алуға көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кәмшат табыс табу үшін Астанадан Дубайға кетіп, жергілікті отбасына бала күтушісі болып жұмысқа орналасқан. Өкінішке қарай, сол жақта көлік қағып кетеді де, ол көп жарақат алады. Сүйектері сынып, бассүйегі жарақаттанған. Дубайда оған жұмыс берушінің есебінен ота жасалған. Бірақ оңалту және одан кейінгі терапия курсынан өту мүмкін болмады. Жағдайының ауырлығына қарамастан, Кәмшат өз Отанына оралды. Жәбірленушінің анасы Айнаш (аты өзгертілді) көмек сұрап Астанадағы «AMANAT» партиясының «Өркениет» филиалына жүгінді.

«Анасы зейнеткер, жолдасы қайтыс болған. Үш баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Кәмшат балаларының үлкені. Оларда МӘМС-ке қатысты мәселелер туындады, кейбір құжаттары болмады. Дегенмен, біз оларға көмек қолын созып, оған ұлттық Травмотология және ортопедия орталығында тексеру, жоғары санатты мамандардың кеңесін алуға жағдай жасадық», – деді филиалдың атқарушы хатшысы Мария Өтебаева.