БҚО-да көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері пара алды деген күдікке ілінді
Инспекторлар астық тиеген ресейлік көліктерге кедергі жасамау үшін пара алған
Батыс Қазақстан облысында көліктік бақылау инспекциясының лауазымды тұлғалары сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстың көліктік бақылау инспекциясының лауазымды тұлғаларының пара алу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
«Инспекцияның үш қызметкері «Т.» азаматынан Ресей Федерациясынан шамадан тыс жүктемемен астық жүктелген ауыр жүк көліктерін Самара – Шымкент автожолы арқылы көліктік бақылаудың жылжымалы бекетінен кедергісіз өтуі үшін бірнеше рет пара алды деп күдіктелді», - деп хабарлады Антикордың облыстық департаменті.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат таратылуға жатпайды.
«Сонымен қатар, Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процесстік іс жүргізу кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әркім өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi осы Кодексте көзделген тәртiппен дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз болып саналады», - делінген хабарламада.